• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

04 Мамыр, 15:19:26
Алматы
+35°

М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Ісләмжанұлы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдайға байланысты жасаған мәлімдемесіне пікір білдірді. 

– Карантин режимінің созылуы қазіргі ахуалды көрсетіп отыр. Елде коронавирустың беті толық қайтқан жоқ. Сондықтан да карантин мерзімін 11-мамырға дейін созғаны дұрыс болды. Президент мәлімдемесінде қазіргі жағдайдың ахуалын талдай отырып, оны сауықтырудың да жолдарын толық қарастырған. Әсіресе үйде отырған адамдардың психологиялық ахуалын сауықтыру мәселесі сөз болды. Осыған байланысты денсаулық сақтау министрлігінің жұмысын қайта қарау жөніндегі мәселесінің мәні бар деп ойлаймын, – деді К. Ісләмжанұлы. 

Сонымен қатар өнер институтының директоры кәсіпорындарды іске қосу мәселесін және олардың қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етуді айтты. 

– Қазір шаруашылықтың тоқтап қалуы, кәсіпорындардың тұрып қалуы жұртшылықты алаңдатып отырған үлкен мәселе. Бұл біздің елімізде емес әлемдегі мәселе болайын деп тұр. Сондықтан облыс, аудан, аймақтардағы кәсіпорындарды бірте-бірте іске қосу қажет. Оның кестесін жасауды жергілікті атқару органдарына тапсырған дұрыс. Бірақ кәсіпорындарды ашып қана қоймай, ең алдымен жұмысшылардың санитарлық жағдайын, олардың қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз ету қажет. Өйткені қауіпті індеттің беті әлі де қайтқан жоқ. Ең басты мәселе – халықтың амандығы мен саулығын қамтамасыз ету, – деді К. Ісләмжанұлы. 

Кенжехан Ісләмжанұлы өз сөзінде 4 млн-нан астам адамға 42 500 теңгелік көмек көрсетіліп жатқанын және әлеуметтік төлемнің мамыр айында да берілетінін атап өтті. 

– 42 500 теңгелік әлеуметтік төлем екінші қайтара берілетін болды. Бұл – халыққа берілген үлкен көмек. Бірақ аталған көмектің пәрменділігін әлі де арттыру керек. Әрине, бұл көмекпен үлкен мәселе шешілмейді. Ендігі кезекте орта және шағын бизнестердің, жеке кәсіпкерлікпен айналысатын, өздерін толықтай қамтамасыз етіп отырған адамдарға мүмкіндігінше жағдай жасау қажет, – деп пікірін білдірді. 

Өнер институтының директоры сөз соңында қазақстандықтарды сабырға шақырып, халқымыздың мейірімділігі мен қайырымдылығы осындай қиын шақта көрінетінін және кез келген дүниеге салқындық танытып, ақылмен қарау қажеттігін атап айтты. 

 

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір